Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
Жалпы, 2018 жылдан бастап студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жаңа жатақханалар салу жұмыстары жүргізілуде.
"Осы бастаманы іске асыру басталғаннан бері 2018-2022 жылдар арасында 26 390 төсек-орындық 99 жатақхана пайдалануға берілді. 2023 жылдың жоспары бойынша жоо үшін 8 854 төсек-орындық 32 жатақхана бекітілген. 2023 жылы 4 қыркүйектегі жағдай бойынша 2 600 орындық 6 жатақхана пайдалануға берілді (Ш.Есенов атындағы Каспий университеті – 500 орын, Қарағанды медицина университеті – 400, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті - 600, Шымкент қаласының ЖОО "Шарталь" ЖК – 1000, "Идирисов А" ЖК – 100 орын)", – деді спикер.
2023 жылдың соңына дейін ЖОО-да 6 254 төсек-орындық 26 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бұл ретте 2 059 орындық 11 жатақхана колледж студенттері үшін қарастырылған.
Министрлік Алматы және Астана қалаларының әкімдіктерімен және "Қаржы орталығы" АҚ-мен бірлесіп, инвесторлармен жұмыс істеу үшін бір терезе қағидаты бойынша Жобалық офистер құрды.