Мәжіліс депутаты Александр Милютин студенттің несиесі туралы ата-аналарды міндетті түрде хабардар ету нормасын заңмен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz .
Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Милютин студенттерге ғана емес, жұмыссыздарға да қол жетімді жедел несие берудің жағымсыз салдарын атап өтті.
"Бір жағынан, жастардың, әсіресе ата-анасынан бөлек тұратын және оқитын студенттердің несие және шағын несие алу мүмкіндігі біздің заңнаманың үлкен артықшылығы. Жедел несие беру үшін көптеген терминалдар бар, олар студенттерге, сонымен қатар жұмыссыздарға да қол жетімді. 18 жасқа толғаныңызды растайтын жеке куәлігіңіз болса, жеке телефон нөміріңізді көрсетсеңіз жеткілікті. Бірақ бұл "артықшылықтың" кемшілігі орасан", - деді спикер.
Депутаттың айтуынша, қазір студенттердің тең жартысының шағын несие ұйымдарына қарызы бар, олар берешектерін өтей алмай жүр.
"Қазір студенттердің тең жартысының МКҰ-ларға берешектері бар, олар алған шәкіртақылары микрокредиттердің көлеміне сәйкес келмеуіне байланысты өз бетінше оны өтей алмай жүр. Бұл қарыз көлемі студент төлей алмайтын жағдайға жеткенде түрлі жағдайлар орын алады. Осы себепті жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері де болған. Мұндайдың алдын алу үшін тиісті шараларды дереу қабылдау керек", - деді спикер.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Қарулы Күштер қатарындағы мерзімді әскери қызметке шақырылған жастардың өтелмеген несие мәселесіне де назар аударды.
"Жастардың Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуі барлық банктер мен МКҰ-лар үшін қарыздарын өтеу мерзімін ұзартуға сөзсіз және міндетті негіз болуы керек деп есептеймін", - деді депутат.
Депутат еліміздің заңнамасына міндетті әскери қызметке шақырылған тұлғаларға қарыздар мен несиелер бойынша кейінге қалдыруды қамтамасыз ету жөніндегі нормаларды енгізуді ұсынды.