Су басқан Батыс Қазақстанда тілшілердің жұмысына неге шектеу қойылды?

226

Құзырлы орган су тасқынына байланысты ақпарат жеткілікті деген пікірде.

Су басқан Батыс Қазақстанда тілшілердің жұмысына неге шектеу қойылды? Фото: freepik.com

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

БАҚ өкілдері спикерден қарғын су басқан Батыс Қазақстан аймағында журналистердің жұмыс істеуіне неге шектеу қойылды деп сұрады. 

"Мұны дискредитация деп есептемеймін. Біз Астанада болғандықтан, оқиғаның анық-қанығын, төтенше жағдай мамандары қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын білмейміз. Күні кеше олар о баста эвакуациядан бас тартқан адамдарды құтқаруға мәжбүр болды. Сол себептен, әрине, оларда шектеу туралы заңнамалық нормалар бар, оның ішінде бұл журналистерге қатысты. Осы жағдай бойынша нақты ештеңе айта алмаймын. Бәлкім, шынында да, журналистерге баруға болмайтын өте қиын жағдай болған шығар. Сондықтан да алдымен оқиғаның мән-жайын анықтап алайық", - деді министр.

Тілшілер "Журналистердің жұмысы оқиға орнында жүру емес пе?" деп нақтылады.

"Түсініп отырмын, бірақ құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерде біреу батып кетсе немесе зардап шексе, кім жауап береді? Заңнамада бар ережелерге сүйенгеніміз жөн", - деді ведомство басшысы Аида Балаева. 

Мәдениет және ақпарат министрі су тасқынына байланысты ақпарат жеткілікті екенін жеткізді.

"Республикалық штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне 4 рет арнайы брифингтер өтеді. Барлық жергілікті атқарушы орган өздерінің комментарийін беріп жатыр. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі де бар. Сондықтан да журналистер ақпарат алудан шектеліп жатыр деп есептемеймін", - деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу