Павлодар облысында еріген қар суынан барлығы 38 тұрғын үй зардап шеккен болатын. Әсіресе, Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылының тұрғындары тығырыққа тірелді. Облыс бойынша жалғыз осы елді мекенде төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бірақ жағдай реттелген соң бұл режим қайта алынып тасталды. Яғни, 2 сәуір күні енгізілген төтенше жағдай бұрнағы күні күшін жойды. Осы уақыт аралығында мамандар қолдан келгенше аумақтарды құрғатып, еріген қар суын сорып алды.
Алайда 14 үйдегі жағдай күрделі. Тоғыз баспанада жөндеу жасауға келгенімен, бес үйді қалпына келтіру мүмкін емес. Олардың ішінде Серік Ахметовтің де үйі бар.
“Үлкен су шығыстан келді. Ауылдың жан-жағын қанша қорғауға тырысқанымызбен, қазаншұңқыр суға толып, бөгеттерді жарып өтті. Үйімнің аумағына өту мүмкін болмай қалды. Көліктің өзі жете алмайды. Үйдің іші суға толып, жиһаздар су астында қалды”,-дейді тұрғын.
Қалпына келтіруге келмейтін бес үйдің тұрғындары бос баспаналар мен туыстарын паналауға мәжбүр. Олар үшін әкімдік шілде айының соңына дейін жаңа баспаналарды салып бермек. Бүгін алғашқы үйдің іргетасын қалау үшін жер қазу жұмыстары басталды. Олардың әрқайсысын салуға шамамен 22 млн теңге жұмсалмақ. Құрылысты қолға алған мердігерлердің сөзінше, жаңа үйлердің ішінде инженерлік желілердің барлығы болады. Бөлмелер әктеліп, сырланады. Яғни, бес үйдің иелері әрлеу жұмыстарымен әлекке түспейді. Ал баспана салу шығындарының барлығын ERG компаниясы өз қаржысы есебінен төлейді. Сондай-ақ, аталған ауылда қарғын судан зардап шеккен тағы 9 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін иелеріне 47 млн теңге көлемінде өтемақы берілді.
“Бірден айта кету керек, мұндай шығындарға бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Өтемақылар демеушілердің есебінен төленіп жатыр. Облыстағы ірі компаниялар қаржылай қолдау көрсетуден тартынар жоқ”,-дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Жалпы, су тасқыны кезінде мүлкіне әртүрлі дәрежеде зиян келген 80 отбасыға бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен жалпы сомасы 86,2 млн теңге көлемінде өтемақы берілді.
Сонымен қатар, зардап шеккен облыс тұрғындарына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленетін болады.