Еліміздің бірқатар облысында қызыл су ауылдарды басып жатыр. Әсіресе, жағдай Қарағанды және Ақмола облыстарында тіпті қиын. Атбасар қаласының маңайындағы ауылдар сумен өткен аптадан бері алысып жатыр. Онда кеше кешкі сағат сегіздер шамасында судың күрт көтерілуінен бөгеттер шайылып кеткен болатын. Нәтижесінде 20 үйді су басқан. Құтқарушылар дер кезінде көмекке келіп, 150 адам және 35 ірі қара малды қауіпсіз аймаққа алып шықты. Қазіргі таңда бөгеттерді қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда, төтенше жағдайлар қызметі қатердің қайталану қаупі бар деп отыр.
Думан Далешов Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдар күштері мен құралдары тұрғындарды және үй жануарларын эвакуациялық авариялық құтқару жұмыстары жүргізілді. Ықтимал су шайған аймақта 130 үй, 250 адам бар. Жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінің 11 бірлік техникасы және 35 адам жұмыс істеуде. Және жергілікті атқарушы органдарының 60 адам мен үш техникасы жұмыс істеуде.
Автор: Арай Сүгірбай