Су кодексі туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Жаңа су кодексі 121 баптан, 14 тараудан және 6 бөлімнен тұрады.  

Су кодексі туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды Фото: egemen.kz

Заң жобасы аясында 4 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәжілістің жалпы отырысында жаңа заң жобасын көпшілікке таныстырды. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа су кодексінің жобасы әзірленді. Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды басқару есебінен экономиканы тұрақты дамытуға жол ашатын заңдық тетіктер барынша қамтылды, – деді ол.

Министр жаңа су кодексі бес негізгі қағидатқа негізделгенін, "су қауіпсіздігі" ұғымы бірінші рет енгізілгенін айтты. 

– Мәселен, жаңа су кодексінде "су қауіпсіздігі" ұғымы алғаш рет енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғауды қамтиды. Басты назар су ресурстарын сарқылу мен ластанудан қорғауға аударылып, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке маңыз берілген. Бұл – жаңа су кодексінің қолданыстағы кодекстен негізгі ерекшеліктерінің бірі. 

Сонымен қатар, кодексте шағын өзендер мен көлдерді қорғаудың талаптары кеңейтілді.

Атап айтқанда, шағын өзендерде түпсіз бөгеттер құрылысына тыйым салу туралы талаптары қарастырылып отыр. Тағы бір жаңашылдық – су ресурстарын кешенді басқаруды дамыту қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін елеулі деңгейде реформалау. Сол сияқты, су ресурстарын интеграциялық басқарудың бас жоспарын және бассейндік жоспарларды әзірлеуді көздейді, – деп қосып өтті ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу