Су саласы мамандарының жалақысы өседі

301

Қазір саладағы орташа жалақы – 210 мың теңге. 

Су саласы мамандарының жалақысы өседі Фото: world-nan.kz

Су шаруашылығы саласы мамандарының жалақысы энергетика және жылу энергетика қызметкерлерінің айлығымен теңестіріледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова су саласында 3 мыңға жуық инженер-гидротехник, ирригатор, су ресурстарын басқару маманы қажет екенін айтты. Оның дерегінше, салада жыл сайын 200-ге жуық маман ғана даярланады.

"Бұл саланың 7% сұранысын ғана жабады. Былтыр 500-ден астам студент су шаруашылығы мамандықтарына барған. Бірақ бүгінде су шаруашылығында жалақы басқа коммуналдық саладағы жалақыдан айтарлықтай төмен. Бұл соңғы он жылда саладан 30% маманның кетіп қалуына себеп болып, жастардың келуіне үлкен кедергі болып отыр", - деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов былтырға дейін салада жалақы төмен болғанын айтты. Өткен жылдың 1 мамырынан бастап "Қазсушарда" жұмыс істейтін 10 мыңнан астам маманның жалақысы 25%-ға көтерілген.

"Қазір "Қазсушарда" орташа жалақы 210 мың теңгеге тең. Біз "Табиғи монополиялар туралы" заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Құжат Сенаттың қарауында. Біз су шаруашылығы саласы мамандарының жалақысын энергетика және жылу энергетика саласы мамандарының айлығымен теңестіреміз. Бұл мамандардың айлығын тағы да 50%-дан астамға көтеруге мүмкіндік береді. Осылайша жылдың екінші жартысында мамандардың жалақысын қосымша 50%-ға көтереміз деп жоспарлап отырмыз", - деді ведомство басшысы.

Енді саладағы қызметкерлердің айлығы орташа алғанда 310-320 мың теңгеге дейін баруы мүмкін.

"Айлық көтерілсе, мамандар салаға келеді", - деп қорытындылады Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу