Еліміздің 9 жоғары оқу орнында су саласы үшін мамандар даярланады. Алайда биыл бөлінген 618 гранттың 297-сіне ғана студенттер қабылданған.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
− Президенттің 2024 жылғы 12 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес, Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру мақсатында "Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті" құрылды. Өңірдегі ерекше мәртебеге ие, алғашқы ұлттық университет бас лицензияны алды, − деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұл университет Финляндия университетімен жаңа 4 білім беру бағдарламасын (Smart water (Ақылды су), Water security (Су қауіпсіздігі), IWRM (су ресурстарын кешенді басқару), Environmental monitoring) әзірлеу бойынша жұмыстарды бастады.
Сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық су университеті Өзбекстанның су саласындағы ұлттық зерттеу университетімен ынтымақтастықты және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру жұмыстарын жалғастырмақ.
2024 жылы 8 тамызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында Ташкент ауылшаруашылығы ирригациясы мен мелиорациясы университетінің (Өзбекстан) филиалы ашылды.
− Бүгінгі таңда су саласы үшін кадрлар даярлау еліміздің 9 жоғары оқу орнында жүргізілуде. 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыс осы салаға 618 грант бөлді. Бірақ су саласы талапкерлер үшін тартымсыз болып қалуда. Мысалы, былтырғы бөлінген 618 гранттың тек 48%-ы (297 орын) игерілді, − дейді спикер.
Сондай-ақ, "Болашақ" халықаралық стипендиясын беру үшін басым мамандықтардың тізбесіне алғаш рет академиялық оқудан өту үшін "Су қауіпсіздігі" мамандықтары және тағылымдамадан өту үшін: "Су қауіпсіздігі"; "Сумен жабдықтау және су бұру"; "Гидротехникалық құрылыс", "суды тазарту және су дайындау технологиясы"; "Су қауіпсіздігі және су дайындау технологиясы" мамандықтары енгізілді.