Байғанин ауданындағы үш елді мекенге апаратын жолда құбырды су шайып кеткен болатын. Оны қалпына келтіру үшін жауапты мекемелер су деңгейінің түскенін күтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Байғанин ауданындағы Қарауылкелді-Оймауыт бағытында орналасқан су өткізу құбыры бар. Сол құбыр келген судың екпініне шыдас бермей, Алтай батыр ауылының маңындағы құбырды шайып кеткен. Қазіргі таңда үш елді мекен аудан орталығы Қарауылкелдімен байланыссыз қалған. Алайда азық-түлік, дәрі-дәрмек пен керек-жарақты көршілес Атырау облысының Құлсары қаласынан алып отыр. Сағыз өзенінің деңгейі түскеннен кейін құбыр қалыпқа келтіріледі. Қазір қауіп сейілді", - деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Құмар Тұрмағамбетов.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ахуалды бақылау үшін төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен тікұшақпен қауіпті аумақтарды қарады. 400 шақырымды құрайтын әуедегі сапар Алға және Темір аудандарын қамтыды. Өңір басшысы шұғыл түрде Көлтабан бөгетін қалпына келтірудің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырды.
Тағы бір қауіпті аймақ - Темір ауданы маңындағы "Шұбарқұдық-Ойыл" автожолы. Күннің күрт жылынуы мен көп мөлшерде жауған қалың қар салдарынан автожолдың 16-шақырымында су шаю қаупі туындаған. Дер кезінде тиісті шаралар қабылдап, қауіп сейілді.