Су тапшылығы: Қырғызстан мен Қазақстан биыл да айырбас жасайды

1222

Орталық коммуникация қызметінде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен баспасөз конференциясы болды.  

Су тапшылығы: Қырғызстан мен Қазақстан биыл да айырбас жасайды

Вице-министрдің айтуынша, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан үш қыс бойы Қырғызстанға электр энергиясын беріп тұруға келіскен. Ақысына жазда су алмақ.

"Биыл да осы келісіммен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін жеткізіп үлгермеген электр қуатын, биыл бірінші тоқсанның соңына дейін жеткізбекпіз. Сырдарияның сулы болуы Тоқтағұл қоймасына байланысты. Өкінішке қарай, Арал маңындағы жағдай айтарлықтай жақсара қойған жоқ. Тіпті Көксарай қарымта реттегішіне қажетті суды да жинай алмаймыз ба деген қорқыныш бар. Шардарада ғана су болатын шығар. Биыл да жағдай қиын болады. Өйткені жазғы вегетация кезеңін Көксарайсыз өткеретін сияқтымыз", – деді вице-министр.

Оның айтуынша, Сырдария өзенінің суы мол жылдарда Тоқтағұл су қоймасы толып кететін. Бұл – өзеннің ең жоғарғы бөлігінде орналасқан су қоймасы. Оның сыйымдылығы – 19,5 млрд текше метр.

"Жазда экологиялық жағдай қалыпты болуы үшін сәуір айына қарай осы қоймаға 15 млрд текше метр су жиналуы керек. Өкінішке қарай, кейінгі 4 жыл ішінде Тоқтағұл қоймасына мұнша су жиналмай жатыр. Әзірге көңіл көншитіндей жағдай жоқ. Ақпан айында қардың қалай болатынын білмейміз", – дейді министрлік өкілі.

Электр энергиясы мен су айырбасы келісімі Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан арасында кеңес заманында да болған екен.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу