Қызылорда облысында осы жылы ауыл шаруашылығы өнімдері 3,8 пайызға артып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Диқандар суды үнемдеу бағытындағы шараларды жалғастырып жатыр. Топырақты лазерлік тегістеу мен жаңбырлатып суару әдістері кәдеге жарауда.
Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, бүгінгі күні мол өнім ысырапсыз толықтай жиналған.
– Биыл облыс бойынша 189,4 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылы егіліп, агротехникалық талаптарға сай толық жинап алынды. Мұндағы негізгі дақыл күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрап, әр гектарынан 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды.
Сонымен қатар, күріштен басқа дәнді дақылдардан – 18,5 мың тонна, майлы дақылдар – 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен – 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдарынан 367 мың тонна өнім өндірілді. Өңірдегі су тапшылығы жағдайын ескере келе күріштің көлемі 3,4 мың гектарға қысқартылып, есесіне малазықтық және майлы, дәнді дақылдарды ұлғайттық. Өндірісте суды үнемдейтін технологияларды қолдануды қарқынды дамытудамыз. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артып, 4 400 гектарға жеткізілді, - деді ол.
Соңғы жылдары сырбойылық диқандар күріш егістіктерінің 55 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп отыр. Нәтижесі де жаман емес. Яғни, суды үнемдей отырып, өнімділікті 30 пайызға арттырған.