Су тасқындары Ұлыбританияны сарсаңға салды

226

Британ ғалымдары Тұманды Альбиондағы су тасқындары үйреншікті құбылысқа айналуы мүмкін екенін ескертті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Су тасқындары Ұлыбританияны сарсаңға салды Фото: eurointegration.com

Қызыл судан зардап шеккендердің бірі Шотландия азаматы Иан Стюарт. Төтенше жағдайдан кейін ақсақалдың 40 жылға жуық тұрған үйінің сау-тамтығы қалмады. Топан су санаулы секундтың ішінде баспанасының астан-кестеңін шығарды.

"2002 жылы да осындай жағдай болды. Ол кезде мен 20 жасқа жас едім, қауқарлы едім. 10 айдың ішінде қайта қалпына келтіре алдық. Ал қазір қартайдым. Кемпірім екеуміздің енді әліміз келмейді", - дейді Иан Стюарт.

Бабет, Киран, Деби, Элин, Фергюс және Геррит. Бұл соңғы жарты жылда ғана Ұлыбританияның халқын әбігерге салған дүлей дауылдардың атаулары. Тағы бір табиғи апатқа Хэнк деген айдар тағылып, оның жойқын күші тіпті орасан болды. Желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетіп, көптің зәресін алды. Шатырлар құлап, ағаштар түп тамырымен жұлынды. Жеңіл көлік пен теміржол қатынасы тоқтады. Су тасқыны туралы 250-дей ескерту жасалды. Мыңдаған тұрғын үй судың астында қалып, халықтың өміріне қауіп төнді. Құтқарушылардан бөлек жергілікті халық та бір-біріне қол ұшын созып жатыр. 

"Суға батып, қайта шыққан көлікті алыстан байқап қалдым. Кейін оның ағынмен жылжып, көпірдің астына тірелгенін көрдім. Көлік жүргізушісі — әйел кісінің жан дауысы шықты. Ішінде 3 жасар қызы бар екен. Ойланбастан құтқаруға кірісіп, екеуін де сыртқа аман-есен шығардым", - дейді Бирмингем қаласының тұрғыны Лиам Стич.

Табиғи апаттардың құрбандары көп. Ауа-райын болжаушылар мұндай қорқынышты жағдайлардың қайталана беретінін еске салады. Жауын-шашынның тоқтамауы салдарынан өзендер арнасынан шығып, халықты әбігерге сала бермек. Ғалымдар мұндай құбылыстың жиі тіркелуі жер бетіндегі орташа температураның жоғарлауымен байланысты дейді.

"2023 — тарихтағы ең жылы жылдардың бірі болды. Ауа температурасы рекордтық көрсеткішке жетті. Дауылдардың көбеюіне жаһандық жылыну себепші. Өкінішке қарай, болашақта мұндай табиғи апаттардың талайын көреміз", - дейді Метеорологиялық қызметтің аға ғылыми қызметкері Майк Кендон.

Мамандардың пікірінше, атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейі артып жатыр. Ауаны ластайтын зиянды заттардың әсерінен биылғы жыл тіпті ыстық болады деген болжам бар. Өнеркәсіптік дәуір басталғалы дүниежүзіндегі ауа температурасы цельсий бойынша шамамен 1,1 градусқа көтерілген. Егер әр елдің үкіметі климаттық өзгерістерге жіті көңіл бөлмесе, жағдай ушыға бермек. Бұдан бөлек су тасқынының көбеюіне ылғалды атмосфера ғана емес басқа да антропогендік факторлар да ықпал етіп отыр, дейді ғалымдар.

"Әдетте су тасқынының нәтижесінде сулы-батпақты жерлер көптеп пайда болады. Батпақты жерлер суды сорып алады. Ылғалды айларда жаңбыр суының көп мөлшерін батпақ сіңіріп алса, құрғақ уақытта оның босатып жіберетін қасиеті бар. Бірақ Ұлыбритания алқаптарды қазып тастап, жерді құрғатып жіберді. Нәтижесінде су тасқындарынан табиғи түрде қорғана алмай қалдық", - дейді Бангор университетінің ғалымы Кристиан Данн.

Метеоролог ғалымдар болашақта климаттың антропогендік жылынуы өзендерді арнасынан қайта-қайта шығарып, су тасқындары адам өміріне, мүліктеріне және қоғамдық қызметтердің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді дейді.

"Қазір біз әлеуметке және экономикамызға төнген қауіп туралы ойлануымыз керек. Жаһандық жылынуды есепке ала отырып және оған бейімделе отырып, су тасқындарына төтеп беру үшін әрекет етуге міндеттіміз. Инфрақұрылымдарымызды жоспарлауға келгенде оларды нығайту мәселелерін басты назарда ұстауымыз қажет", - дейді Open университетінің ғалымы Кэвин Коллинз.

Жағдай алаңдатарлық! Ауа-райының аномалияларын алдын алу үшін кезінде ковидпен күрескендей су тасқындарына да ұлттық деңгейде қарсы тұра білу керек. Үкімет сын-тегеуріндерге дайын болып, ескертулерге құлақ асады деп үміттенеді ғалымдар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу