Су тасқыны: 9 мыңнан аса энергетик маман электр қуатын қалпына келтіріп жатыр

293

Төтенше жағдайды жоюға 2 145 бірлік арнайы автотехника қатысуда.  

Су тасқыны: 9 мыңнан аса энергетик маман электр қуатын қалпына келтіріп жатыр Фото: URA.RU

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев су тасқыны қиын өңірлерде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қостанай облысында электрмен жабдықтаудан ажыратылған абоненттер саны 5 мыңнан 700-ге дейін қысқарды. Ақтөбе облысында – 5,5 мыңнан 13 абонентке дейін, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында шектеу қойылған абоненттер саны 4 есеге, ал Атырау облысында 3 есеге қысқарды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған 5 мың абонентті электрмен жабдықтау су деңгейі төмендегеннен кейін қалпына келтіріледі", - деді ведомство басшысы.

Алмасадам Сәтқалиевтің дерегінше, төтенше жағдайды жоюға 9 мыңнан астам энергетик мамандары, 2 145 бірлік арнайы автотехника қатысып жатыр. Электр энергиясының 414 мобильді көзі бар.

"Алдағы кезеңде кернеудің әртүрлі кластарындағы 3 мыңнан астам электр желілерінің тіректерін қалпына келтіру қажет. Салдарды жою үшін барлық қажетті материалдар бар", - деп атап өтті Энергетика министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу