Су тасқыны басталғалы бері 96 мыңнан астам адам құтқарылды. Оның ішінде 31 мыңнан астамы бала. Республикалық ақпараттық штабта өткен таңертеңгі брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш осындай мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, тартылған әуе кемелерімен 2 823 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналасу пунктеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала орналастырылды. 82 559 ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды. Зардап шеккен өңірлерге 167 935 кг гуманитарлық көмек жеткізілді. Бірлескен күштермен 8,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су бұрылды.
"Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам, 2 655 бірлік техника, 469 су сору және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды. Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 444 жеке тұрғын үй, 339 аула аумағы су астында қалуда. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемі бақылауда тұр", - деді спикер.