Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан өңірінен 17 сәуір күні 103 оқушы мен 10 жетекші "Қамбаш" олипиадалар және қосымша білім беру орталығына келген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Балалар жайлы бөлмелерге орналасқан. Орталықта барлық жағдай жасалған. Жатын орындарда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 5 мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылуда.
Балалардың ыстық тамағына Қызылорда қаласының кәсіпкері демеушілік жасаса, оқу процесін ұйымдастыруға Арал аудандық білім бөлімі жанынан жасақталған волонтер-мұғалімдер, атап айтсақ, №73 "Аманөткел", №21 "Қамбаш", №67 "Қосжар", №20 "Бөген", №63 "Ақбай" мектептерінің қызметкерлері атсалысуда. Сонымен қатар, орталық мамандары дене шынықтыру, музыка сабақтарын, "Қаржылық сауаттылық" курсын, психологиялық жұмыс және тәрбие сағаттарын кесте бойынша өткізеді. Түстен кейінгі ауысымда "Шебер қолдар", "Волейбол", "Футбол", "Қамбаш Медиа", "Бейнелеу", "Би", "Робототехника" үйірмелері жұмыс жасауда.
Балалар сабақпен қатар тәрбие шараларына да қатысуда. Күндіз ұзақ үзіліс кезінде түрлі ойындар ойнатылса, кешкілік "Биле, Қамбаш", "Ертегілер елінде", "КиноКеш", "Болмасаң да ұқсап бақ" сияқты байқаулар өтуде.
Демалыс күні оралдық оқушылар Арал қаласына саяхаттады. Алдымен аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі құнды жәдігерлермен танысты. Балықшылар аллеясындағы "Балықшылар монументі", кемелер жанында естелікке фотоға түсті. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әдебиет үйінде жазушының шығармалары туралы кеңірек білді. Саяхат кезінде Арал қаласының кәсіпкер қыздары дайындаған дастарханынан дәм татып, Арал аудандық оқушылар үйі тәрбиеленушілерінің концертін тамашалады.