Су тасқыны салдарынан 50 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды

355

Үш облыста күрделі жағдай сақталып отыр. 

Су тасқыны салдарынан 50 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды Фото: ҚР ТЖМ

Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Су тасқының жағдайы тұрақты-күрделі, батыс аймақтарда су аздап төмендеді. Орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарылауы байқалады. Су басу аймағында 5 облыс қалуда, әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды. 

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталып отыр. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жұмылдырылып жіберілді", - деді ТЖМ өкілі.

Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. 

Су тасқыны кезінен бастап 15 мың 786 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Оның ішінде 6187 бала бар. 

Қазіргі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала (Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Атырау, Қостанай) бар. Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, деп жалғастырды вице-министр.

"Су тасқыны белсенді кезеңге өтпеген елді мекендерде су басуға жол бермеу бойынша алдын алу шаралары күшейтілді. Алдын алу шаралары еліміздің 11 өңірінде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді. Өткен тәулікте таңғы сағат 6-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлерді айтарлықтай су басуға жол берілмеді. 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды. 55 шайылған автожол учаскелері мен төрт көпірдің (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда", - деді Бауыржан Сыздықов.

Оның дерегінше, 50 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. 

"Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік", - деді ТЖМ өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу