Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды

239

Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жәрдем берді. 

Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды Фото: Астана қаласының әкімдігі

Бүгін Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Отырыста көтерілген мәселелерге қатысты ҚХА-ның Астанадағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ЕҰУ профессоры Әміржан Әлпейісов пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының бүгінгі баяндамасы еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелерін қамтыды. Мұнда барлық мәселе жан-жақты қарастырылған. Баршаңызға белгілі, қазір күллі әлемде әртүрлі сипатта табиғат апатының саны артуда. Еліміз де үлкен қатерге тап болды. Бірнеше аймақта су тасқыны болып жатыр. Өз сөзінде, Мемлекет басшысы бұған Қазақстан халқы ассамблеясы да белсенді түрде көмектесіп жатқанын айтты. Өздеріңізге белгілі, тасқын судан зардап шеккен аймақтарға Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. Бүгінде "Жүректен жүрекке" атты аукымды акция жүргізілуде. Өңірлерге 1500 тоннадан астам ең қажетті тауарлар жіберілді", - деді спикер.

Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылған. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жәрдем берді. Сонымен қоса, олар жұртты қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты.

Спикер сессияда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың басты өзегі бірлік екенін баса айтқанына тоқталды.

"Президент көтерген үлкен мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің алар орны. Өз сөзінде түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа тілдерді де білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер екені айтылды. Тағы бір көтерілген мәселе – кейбір топтардың арасында "Ассамблеяның керегі жоқ" деген сипатта әңгімелер бар. Менің ойымша, бұл айтылған қауесет – орынсыз. Бұған қатысты Президент "Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – Конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз", деп айтты.

Расымен де, Ассамблея мүшелері қайырымдылық жобалары арқылы мұқтаждарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Менің ойымша, бірлігі мықты халықтың күш-қуаты қиын-қыстау уақытта айқын көрініс табады", - деп сөзін түйіндеді Әміржан Әлпейісов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу