Су тасқынын болжауға арналған "TASQYN" жүйесі қалай жұмыс істейді?

217

556 адам осы жүйені қолдану бойынша арнайы оқудан өткен.

Су тасқынын болжауға арналған "TASQYN" жүйесі қалай жұмыс істейді? Фото: canva.com

Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов "TASQYN" ақпараттық жүйесінде қандай технологиялар мен алгоритмдер қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"TASQYN" – геоақпараттық жүйе. Негізінен ол ғылыми жұмыстардың нәтижесі және тарихи деректерді қолданатын математикалық модель. Сол арқылы сандық гидрограф жасалған. "TASQYN" жүйесін үш бағытта қарастыруға болады. Біріншісі – Қазгидрометтің қысқа және ұзақ мерзімді болжамын модельдей аламыз. Су деңгейі қандай көрсеткішке көтерілгенде қандай аймақтар су астында қалатынын модельдеуге болады. Екінші бағыт Су ресурстары министрлігінің қызметкерлеріне арналған. Бұл қоймалардан қандай көлемде суды жібергенде қоймадан төмен тұрған жергілікті ауылдарға су басуы мүмкін екендігін модельдеуге арналған",  деді Баубек Оралмағамбетов Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Аэроғарыш комитетінің төрағасының айтуынша, үшінші бағытта еуропалық GLOFAS тәуекелді картасы енгізілген. Бұл отыз күндік болжамды береді. 

"Бізде Қазгидрометпен автоматтандырылған интеграция жасалған. Барлық метеорологиялық стансалар және гидробекеттерден автоматты түрде сол деректер беріліп отыр. Қазіргі уақытта "TASQYN" жүйесі құзыретті мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін қолжетімді. Бұл Су ресурстары, Төтенше жағдайлар және Экология министрліктері мен Қазгидромет. Жақын арада 556 адам осы жүйені қолдану бойынша арнайы оқудан өтті",  деп түсіндірді Баубек Оралмағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу