Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді

Автожолдарда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды, жол құрылымдарына күнделікті патрульдік бақылау жүргізіледі.  

Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді Фото: egemen.kz

ҚР Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев республикалық автомобиль және темір жолдарының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Су тасқыны кезеңіне дайындық ерекше бақылауға алынып, соған сәйкес: қауіпті уақтылы алдын алып, жою үшін су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылды, автожолдарда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды, жол құрылымдарына күнделікті патрульдік бақылау жүргізіледі", – деді министр.

Айрықша қадағалауды талап ететін 387 қауіпті учаске, 74 көпір, 818 су құбыры анықталды. Бұл нысандарға 500-ге жуық жол-тазарту техникасы бекітілген. Ақпаннан бастап 5 742 су құбырын қардан тазартуға байланысты профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланған.

"Қазір 13 мың текше метр құм, 3 мың текше метр тас, 11 мың текше метр қиыршық тас және құм-қиыршық тас қоспасымен толтырылған 15 мыңдай қап, сондай-ақ 244 мың литр жағармай дайындалды. Қажетті материалдардың дайындығы 50% құрайды. 15 ақпанға дейін қажетті материалдарды дайындау 100%-ға дейін жеткізіледі", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Автожолдарды жаңғырту аясында келесідей жұмыстар қолға алынды:

  • су тасқыны қауіпі бар учаскелерде еңістерді нығайту;
  • жасанды құрылымдарды дайындау;
  • бөгет үйінділерін биіктету;
  • ескірген су өткізу құбырларын үлкен диаметрлі жаңа үлгілеріне ауыстыру және олардың санын көбейту.

Кейінгі 3 жылда автокөлік жолдарын жаңғырту жұмыстары арқылы су тасқыны қаупі бар учаскелер 472-ден 387-ге дейін азайды.

"Бұл бағыттағы жұмыс еліміздің теміржол саласында да мықтап қолға алынды. Бұдан бөлек: су қоймалары мен агротехникалық бөгеттердің жай-күйін тексеру басталды. Сонымен қатар, көпірлердің, құбырлардың, дренаждық құдықтардың саңылауларын қардан тазарту, сол сияқты тау және су бұру арықтарын, науалар мен жыраларды (кюветтерді) ашу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ облыстық ТЖ бөлімшелерімен өзара іс-қимыл бойынша арнайы шаралар пысықталуда", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу