Биылғы жазда бұл орталық 6000-нан астам баланы қабылдайды, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық оқу-сауықтыру орталығы жазғы кезеңде әрқайсысы 15 күннен тұратын бес ауысым өткізеді, әрбір ауысым рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру, балалардың физикалық дамуы секілді түрлі бағыттарды қамтиды.
"Биылғы жылдың басынан орталықта 5800 бала демалды, олардың 842-сі зардап шеккен аймақтардан келген балалар. Келесі аптада жаңа маусымға Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарынан тағы 17 бала келеді деп күтілуде. Жаздың соңына дейін су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 1000-ға жуық баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр", - деп хабарлады "Балдәурен" РОСО баспасөз қызметі.
Айта кетейік, орталық әртүрлі құрылымдық бөлімшелерден тұрады: білім беру, тәрбие, медициналық, дене шынықтыру кешендері.
Су тасқыны басталғалы бері түрлі республикалық сауықтыру орталықтарында 1 083 бала демалды. Жазғы кезеңде демалыспен тағы 3,7 мыңға жуық бала қамтылады.