Елдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Астанада TaskynKomek штабы ашылды. Бұл туралы қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Facebook-тегі жеке парақшасында мәлім етті.
"Штаб құру идеясын көтерген алғашқылардың бірі "Республика-Өңір-Даму" қоғамдық қорының жетекшісі, блогер Ғалым Байтұқ болды. Ол бізге ғимарат ұсынды және бірінші болып жылы киімдер әкеліп берді. Хабарландыру жасалған соң, көп ұзамай, азаматтар азық-түлік пен киім-кешек жеткізе бастады", – деп жазды Мұрат Әбенов.
Штаб туралы барлық қосымша мәліметті #TaskynKomek хештегі арқылы немесе astanaopen.kz сайтынан көруге болады. Штабтың мекенжайы: Астана қаласы, Қонаев көшесі, 35, "Республика-Өңір-Даму" ҚҚ кеңсесі.
Айта кетейік, биыл Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарын су басты. 4,7 мың адам үйлерінен көшуге мәжбүр болды. Су басқан аймақтарда 1156 үй және саяжай учаскесі бар.