Ақтөбе облысында болған су тасқының шығыны есептеліп, алдағы 10 күнде баспанасы суда қалғандарға қандай көмек берілетіні анықталады. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
"Баспанасы суда қалған адамдардың бәріне көмектесеміз. Қалалық әкімдік жанынан 7 комиссия құрылып, олар шығынды анықтау жұмысын жүргізіп жатыр. Әр отбасыны мұқият зерттеуіміз керек. Біріншіден, бәрі заңға сәйкес болады. Екіншіден, баспанасы суда қалған адамдардың әлеуметтік жағдайына, тұрмысына қараймыз. Бәрі алдағы он күнде шешіледі. Жер алады, жатақханаға орналасады немесе сол үйде тұра береді. Бәрі мұқтаждығына байланысты. Өкінішке қарай, осы жағдайды пайдаланып, барлық мәселесін шешіп алғысы келетін адамдар бар. Олай болмайды".
Айта кетейік, Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 77 үй қираған. Осыған байланысты, 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшіріліп, жергілікті әкімдік 110 отбасыға 30 мың теңгеден беріп, пәтер жалдап тұруға көмектесті. Қаржы "Қолғанат Ақтөбе" қорынан алынды. Қазақпараттың хабарлауынша, аталған қорға 45 млн теңгеге жуық қаржы жиналған.
Автор: Арай Сүгірбай