Су тасқынынан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілді

489

Қазіргі уақытта Қобда ауылындағы үш үйдің қалпына келтірілмейтіні белгілі болды.

Су тасқынынан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілді Фото: Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 17 үй суда тұр.

Су тасқынынан зардап шеккен 75 отбасыға 500 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

Бұл қаражат комиссия жұмысы аяқталғанға дейін тұрғын үйлерді қалпына келтіруге жұмсалады.

Ақтөбе облысының Қобда ауданында тасқын кезінде 79 үй су астында қалып, 316 адам қауіпсіз жерге көшірілген еді.  Оның ішінде 107 кәмелетке толмаған бала бар.

Ақтөбе облысы әкімдігі 64 баланы көктемгі демалыста лагерге демалуға жіберетін болды.

Сонымен қатар Қобда ауданына жіберілген "Ауыл аманаты" керуені аясында дәрігерлер 105 тұрғын, оның ішінде 17 балаға кеңес берсе, су тасқынынан залал келтірілген үйлердің 33 тұрғынына қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіпті.

Аудан тұрғындарынан арнайы комиссияға барлығы 101 өтінім келіп түскен.

Естеріңізге салсақ, бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Ақтөбе облысындағы су басқан елді мекендерді аралауға аттанған болатын.

Юрий Ильин су тасқынының салдарын жоюды жеделдету бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды, оларды шешу және болашақта осындай қауіптерді барынша азайту жолдарын белгіледі.

"Біз зардап шеккен аудандардың жағдайын әуеден барлау жұмысын аяқтадық. Қазіргі уақытта Ойыл ауданында әзірге күрделі жағдай байқалады. Жергілікті атқарушы органдардың бағалау комиссиясы оқиға орнында жұмыс істеуде, ол жақын арада азаматтардың мүлкі мен келтірілген залалды бағалау бойынша өз жұмысын аяқтайды. Жағдай бақылауда. Жағдайдың күрделенуі байқалмайды. Алдағы 10 күнде облыстың барлық дерлік солтүстік аудандарында қар еріп кетеді, әзірге су ағынының мұндай жоғары деңгейі күтілмейді", - деді Юрий Ильин.

Зада Зейін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу