Су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталды

943

Юрий Ильин су тасқынына қарсы қабылданған шараларды мәлім етті.

Су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталды

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин еліміз биылғы су тасқыны қаупін артқа қалдырғанын айтты.

"Бүгінгі күні Қостанай облысында су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталды. Ақмола облысында су басу уақыты қиын өткенімен, қазір жағдай тұрақталды. Су тасқынының қарбалас кезеңі артта қалды. Облыс аймағында Нұрадан басқа барлық дерлік өзендердегі су шектік деңгейіне дейін жетті. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында "Сергеев" су қоймасына құятын барлық өзендердің суы азайды. Дегенмен су қоймасынан тасып аққан су Петропавл қаласы маңында қиындық тудыруда. Ол жерде арнайы шаралар қолға алынды. Петропавл өңіріндегі республикалық маңызы бар автомобиль жолының екі жерін және Заречный елдімекенінің жолын су алды. Есіл өзенінің жағасындағы саяжайларды жыл сайын су басады. Ал Шығыс Қазақстанда жағдай тұрақты", – деп Юрий Ильин су қоймаларынан ағатын су елдімекендерді баспайтынына сендірді.

Министрдің орынбасарының айтуынша, су тасқыны қаупімен күресу шараларына қосымша қаржы бөлінбеген.

"Осы өткен су тасқыны кезеңі туралы жалпы айтар болсам, соңғы үш жылда жүзеге асып жатқан жол картасы бағдарламасының арқасында республикалық немесе жергілікті бюджеттен қосымша қаржы талап етпей, айтарлықтай шығын шығармай аяқтадық. Егер көктемгі жауын-шашыннан су тасыса, апаттық жағдай бола қалса, әріптестеріміз ондай жағдайдың алдын алады", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу