Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екеніне тоқталып, соңғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет – 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе, ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет. Халқымыз "Судың да сұрауы бар" деп тегін айтпаған, әр тамшы судың қадірін білген. Суды тиімді пайдалану – өте өзекті мәселе. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Шыңырау" повесінде судың қасиеті, құдықшының еңбегі туралы терең ойлар айтылады. Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды, яғни "аз пайдалансаң, аз төлейсің" деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Себебі, су үнемдеу – алдымызда тұрған аса маңызды стратегиялық міндет. Бұл мәселеге қатысты цифрландыру жұмысын жүргізу өте өзекті. Оны қарқынды түрде жүзеге асыру керек. Шындығын айтсақ, қазіргі жағдай жалпы мәз емес. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы аясында суды үнемдеу мәдениеті жан-жақты дәріптеліп жатыр. Еліміздегі 2 миллионнан астам оқушы "Суды үнемде – болашақты сақта!" атты ауқымды жобаға қатысты. Өскелең ұрпақ судың құндылығын білуі керек, оны ысырап етпеу туралы жастайынан түсініп өсуі қажет, – деді Президент.