Бұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, "AMANAT" партиясы мен өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Кеңесте вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік құрылымын әртараптандыру, су ресурстарын есепке алу мен бөлуді цифрландыру, тарифтік саясатты жетілдіру және суды заңсыз пайдаланудың алдын алу мәселелері қаралды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп судың "қара нарығымен" күрес жөніндегі жол картасын әзірлеген. Құжат аясында ведомствоаралық жұмыс топтары құрылып, заңбұзушылықтарды талдау, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу, рейдтер мен тексерулер жүргізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары көзделген.
Вице-премьер Күрті су қоймасынан суды заңсыз алу деректерін болдырмауға ерекше назар аударуды тапсырды.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шаралары күшейтіледі. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында күріш егісінің көлемі 5,8 мың гектардан аспауы тиіс. Белгіленген лимиттерден артық су пайдаланған, дақыл құрылымын келісімсіз өзгерткен немесе шартсыз су алған жағдайларда тарифтерді ұлғайту нормалары енгізіледі.
Қанат Бозымбаев суармалы судың тапшылығы ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда су ресурстарының 50 пайыздан астамы жерге сіңіп кетеді, бұл трансшекаралық су бойынша көрші елдермен келіссөздер жүргізуді қиындатады. Сондықтан алдағы 3–4 жылда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
2030 жылға дейін Қазақстанда 1,3 млн гектар суармалы жерді су үнемдеу жүйелерімен қамту жоспарланған. Оның ішінде Алматы облысына тиесілі көлем – 186,6 мың гектар. Осы мақсатта 2026–2028 жылдары республика бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу және суару суының құнын субсидиялау үшін 228,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Алматы облысына 27,6 млрд теңге қарастырылған.
2028 жылға дейінгі су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында Бартоғай су қоймасын реконструкциялау жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар ұзындығы 270 шақырым болатын топтық су құбыры мен төрт магистральдық канал салу жоспарланған. Үлкен Алматы каналының бірқатар учаскелерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, олар биыл толық аяқталады.
Жергілікті атқарушы органдар "Сұңқар" және "Тегермен" су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттарды дайындап жатыр. Бұдан бөлек, төрт су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу және 74 гидротехникалық нысанға көпфакторлы тексеру жүргізу көзделген. Вице-премьер бұл жобалардың мерзімінде әрі сапалы жүзеге асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Ислам даму банкімен бірлесіп Еңбекшіқазақ, Балқаш, Ұйғыр және Райымбек аудандарында жалпы ұзындығы 550 шақырымнан асатын суару желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 34 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері тұрақты сумен қамтылады.
Кеңес барысында "Ауыл аманаты" бағдарламасының орындалу барысы да қаралды. Биыл Алматы облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға 10,8 млрд теңге бөлінген. Соңғы үш жылда бағдарлама аясында 1436 жоба қаржыландырылып, 90 кооператив құрылды, 1616 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл тұрғындарының орташа табысы 23 пайызға артқан.
Қанат Бозымбаев өңір халқының 81 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, тұрақты табыс көздерін қалыптастыру мен шағын бизнесті дамытуға жағдай жасаудың маңызын атап өтті. "Ауыл аманаты" бағдарламасының сапалы орындалуын бақылау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді.