Су үнемдеу технологиясын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі керек – Үкімет басшысы

346

Қазақстанда судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. 

Су үнемдеу технологиясын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі керек – Үкімет басшысы Фото: yandex.kz

Бірақ та сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы әбден ескірген каналдардан егістікке жеткенше құмға сіңіп жатыр. Өз кезегінде бұл үлкен шығын. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Түркістан облысындағы К-30 каналының техникалық жағдайы бәріне белгілі. 12 жылдан асты. Күрделі жөндеу жұмыстары сонда да аяқталмай келеді. Қызылорда облысының егіншілері тәуелді болып отырған Сол жағалаудағы магистральдық канал бойынша да жағдай осындай. Мұндай мысалдар елдің оңтүстік аймақтарында өте көп", - деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, жаз мезгілінде судың шығыны 10-15%-дан аспауы керек. Ол барлық суару каналы мен су қоймасын жөнге келтіру қажеттігін жеткізді.

"Барлық процесті міндетті түрде автоматтандырып, цифрландыру керек. Әсіресе, суармалы суды барынша ұтымды пайдалану мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстарын күшейтуі қажет", - деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Ол келесі мәселелерге баса назар аударды.

"Экология, Сыртқы істер министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, су дипломатиясы бойынша нақты позицияны айқындап, оны үкіметаралық комиссиялар шеңберінде біздің мүдделерімізді ескере отырып қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Экология министрлігі мен әкімдіктер су шаруашылығы объектілерін салу және күрделі жөндеу жобаларын, сондай-ақ суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу жұмыстарын жалғастыруы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі суару тәсілдеріне байланысты Субсидияларды саралау ережелерінің тез арада қабылдануын қамтамасыз етуі қажет. Яғни, суды үнемдеу технологияларын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі тиіс", - деп жалғастырды ол.

Бұдан басқа облыс әкімдіктері "Қазсушар" филиалдарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын кезекпен суаруды ұйымдастырып, қайтарымды суларды қайта пайдаға жаратуы қажет, деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу