Мұны Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып жақында ғана тағайындалған Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, осы жылы 19 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру үшін "Бәйтерек" арқылы 500 миллиард теңге қосымша қаражат бөлу пысықталуда.
Су жаңа министр "Отбасы банкінің" "2-10-20" және "5-10-20" ипотекалық бағдарламасы бойынша 80 миллиард теңге қажет екенін жеткізген.
– Биыл 19 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру үшін "Бәйтерек" арқылы 500 миллиард теңге қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Атап айтқанда, 21 мың жалға берілетін пәтерді сатып алуға 300 миллиард теңге қажет. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым қажеттілігі – 120 миллиард теңге.
Министрліктің тұрғын үй құрылысын ынталандыру және кезекте тұрғандарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бастамаларын қолдауыңызды сұраймын, – деді Ерсайын Нағаспаев.