Суармалы алқапқа төленетін субсидия мөлшері өседі

882

Сапархан Омаров жоспарымен бөлісті. 

Суармалы алқапқа төленетін субсидия мөлшері өседі

Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров онлайн режимде бір жылдық жұмысының есебін беріп жатыр. Коронавирус туындатқан төтенше жағдай режимі аграрлық саланың маңызын  арттырды деген министр саланы дамыту үшін қандай шаралар жоспарланғанын айтты. 

"Ағымдағы жылы отандық өнімге сұраныстың артқанын ескере отырып, ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы 237,7 мың гектарға ұлғайтылып, 22,5 млн гектарға дейін жеткізілді. Бұл ретте майлы дақыл көлемін ұлғайту үшін 122,2 мың гектар, азықтық дақылдарға 308,6 мың гектар,  көкөніс-бақша дақылдарына 11,5 мың гектар,  қарақұмыққа 30,9 мың гектар алқап қосылды", – деген ведомство басшысы аталмыш алқаптардан бітік өнім алу үшін субсидияның көлемі де ұлғайтылатынын атап өтті.

"Осының арқасында  дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша 18,5 млн тоннаға, майлы дақылдар бойынша 2,8 млн тоннаға, азықтық дақылдар бойынша 33 млн тоннаға, көкөніс-бақша дақылдары бойынша 7 млн тоннаға дейін өсім болады деп жолжап отырмыз. Ол үшін тұқымдарды, пестицидтер мен тыңайтқыштарды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ, суармалы алқап көлемі 60 мың гектарға ұлғайтылады. Бұған біз қабылдап жатқан қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтерін 1 гектарға 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін ұлғайту шаралары ықпал ететін болады", – деді министр. 

Сапархан Омаровтың айтуынша, аталған жоспар толықтай іске асқан жағдайда өсімдік шаруашылығы ғана 3,1 трлн теңгенің өнімін бермек.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу