Отандық шаруалардың суармалы егістік алқабын сақтандыру керек. Фермерлер судан тапшылық көрсе, осы төлемдерін алып, шығындарын жабады. Ұлттық палата осылайша қазақстандық диқандарды құрғақшылықтан қорғамақшы.
Бүгінде еліміздің 11 аймағы топырақтың ылғалдылығы көтеріліп не түсіп кетуінен сақтандырылған. Алайда бұл тізімге оңтүстік өңірлер кірмей қалыпты. Еске салсақ, тамызда Жамбыл облысында 350 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен 8 мың гектарға жуық жер құрғақшылықтың зардабын тартты.
Аймақтардағы ахуалды ескерген ұлттық палата оңтүстікке де сақтандыру шегін белгілеуді ұсынып отыр. Бұл бастама құрғақшылықтан қысылған шаруаларға демеу болады,- деп бағамдайды.
"Егер де мың гектарды сақтандыратын болса, сақтандырушы ұйымдар 5 млн деп есептеп шығарады мысалға. Сол 5 млн-ның 80 пайызы мемлекет тарапынан ұйымға төленеді де ол тек қана 1,2 төлейді. Егер сақтандыру жағдайы нақтыланса, онда оның есеп-қисаптарымен өздерінің шығындарын толық көлемде қайтарып ала алады", - дейді "Атамекен" ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен департаментінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова.
Суармалы егістікті сақтандыру әзірге бекітілген жоқ. Егер ұсыныс мақұлданса, Ресейдің үлгісі негізге алынып, ерікті түрде жүргізіледі. Солтүстіктегі диқандар болса шетелдік сақтандыру тәртібі бізге сай келмейтінін айтады. Ол аздай, құнының қымбаттағы тағы бар. Содан да болар биыл елімізде сақтандырылған егістік көлемі 23%-ға азайған. Керісінше, төлем алғандар 2,4 есеге өсіпті.