Суармалы жерлердің басым бөлігінде су үнемдеу технологиясы қолданылмайды

605

Қазір суармалы жерлердің 16%-ында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады. 

Суармалы жерлердің басым бөлігінде су үнемдеу технологиясы қолданылмайды Фото: 7-su.kz

Ауыл шаруашылығындағы суды үнемдеу мәселесі өзекті болып қала береді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ауыл шаруашылығының суды тұтыну үлесі жалпы су қабылдаудың 65%-ын құрайды. Орташа алғанда 2020 жылдан 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне 14,2 текше шақырым су алынды. Су алу және өнімсіз шығындар деңгейі туралы статистика суармалы егіншілікте суды ең тиімсіз пайдалану бар екенін көрсетеді", - деді министр.

Оның айтуынша, жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар қажет.

"Ең алдымен суды үнемдеудің озық технологияларын енгізуді жеделдету керек. Мәселен, бүгінгі таңда суармалы жерлердің 1,9 млн гектарынан су үнемдеу технологиялары тек 16%-на қолданылады. Бұл қазіргі таңда өте қолайсыз. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға жұмсалатын шығыстарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жөніндегі жұмыстар басталды", - деп жалғастырды Нұржан Нұржігітов.

Ведомство басшысы су үнемдеу технологияларын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жердің алаңдарын 1,3 млн гектарға жеткізуге ықпал ететінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу