Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия бөлу ережелеріне өзгеріс енгізуді ойластырып жатыр. Бұл туралы Аграрлық саясат кеңесінің отырысында вице-министр Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп xабарлайды inform.kz.
"Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында министрлік агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың 8 ережесіне толықтыру мен өзгерту енгізді. Бүгінгі таңда барлық ереже күшіне енді. Айта кету керек, бекітілмес бұрын, бұл ережелер жобасын түрлі алаңда қоғам, агробизнес және өңір өкілдері талқылаған болатын. Дегенмен агроөнеркәсіп кешенінің кей өкілінен өзгертілген ережелерге қатысты сауалдар көп туындап жатыр. Сондықтан біз бүгін облыс әкімдіктерінен, үкіметтік емес ұйымдардан және агроөнеркәсіп кешені өкілдерінің ережелерге қатысты ескертпелері мен ұсыныстарына қайта шолу жасап, оларды талқылау үшін жиналып отырмыз", – дейді Қайрат Айтуғанов.
Оның айтуынша, жалпы 180 ұсыныс түскен. Министрлік бұл ұсыныстардың басым бөлігін қолдап отыр. Қолдау таппаған ұсыныстарға қатысты нақты себептер келтірілген. Мысалы, асыл тұқымды мал шаруашылығына қатысты 41 ұсыныс түскен, оның 11-і министрліктің қолдауына ие болды. Қалған 30 ұсыныстың қолдау таппауына нақты себептер бар. Оның негізгісі – Қазақстан заңнамасына қайшы келуі.