Субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырған бірқатар өңір әкімдігінің лауазымды тұлғаларынан құралған қылмыстық топтар ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі Шыңғыс Әлекешев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, агенттік елде ауқымды операция жүргізген.
"Нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдардың және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының және Ақмола, Түркістан, Жамбыл, ШҚО, БҚО, Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленді. Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысқан, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақылар алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған", – деді төраға көмекшісі.
Шыңғыс Әлекешев бүгінде бұл дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Заттай дәлделдемелер алынды. Іске 30-дан аса қатысы бар адам анықталды, олардың көпшілігі қазір кінәсін толық мойындап, тергеу тобымен ынтымақтастық орнатып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", – деді көмекші.