Суға кеткен кәсіпкер табылмай жатыр

872

Кәсіпкердің көлігі Нұра өзенінің түбінен табылды.  

Суға кеткен кәсіпкер табылмай жатыр

Қарағанды облысында Нұра өзенінің кейбір бөлігінде су деңгейі көтеріліп жолдарды шайып кетіп, төтенше жағдай болды. Нұра ауданының Кәрім Мыңбаев ауылынан 8 сәуірде  шыққан 62 жастағы кәсіпкер Нұрлан Сүлейменов бағыт алған жеріне жете алмай, із-түзсіз жоғалған. Туыстарының айтуынша, ол Тассуат ауылына жолдан соғып, кейін басқа жаққа бармақшы болған екен. Бүгінде құтқарушылар мен полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары кәсіпкерді іздеп жатыр. 11 сәуірде кәсіпкердің көлігі Нұра өзенінен табылған. Ол көлігімен өткен Тассуат ауылының тұсындағы көпір талай жылдан бері тозығы жеткен ескі авариялық күйде тұр.

Айта кету керек, жылда көктемде  Нұра өзені тасығанда қызыл судың тақсіретін  осы Тассуат ауылының халқы жиі көреді. Тассуат ауылын сыртпен байланыстырып тұратын көпірді жылда су шайып кетеді. Өзеннің әр жағында қалып қойған халықты орайы келгенде  тұрғындар трактормен алып шығады. Трактор өте алмаса жұрт құтқарушылардың қайығын тосып күн өткізеді. Тассуат ауылының  қала мен ауданға қатынайтын екінші айналма жолы Осакаров ауданы арқылы өтетін жол. Алайда бұл жол шұрық-тесік болғандықтан көліктің  соры көрінеді. Журналист Ботагөз Омарованың айтуынша,  көпірді жөндеуді сұраған жұрттың жан - айқайына аудан тұрмақ, облыс билігі де құлақ аспай келеді.

"Авариялық жағдайда тұрған көпір туралы мен жылда айтып келемін. Бұл көпір әбден тозғандықтан әзер тұр. Ол аздай жылда оны су басып қалады. Кезінде менің шағымымнан кейін сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошанов ауыл тұрғындарымен барып сөйлесіпті. Алайда облыс әкімінің кездесуіне билік арнайы жақсы көңіл күйдегі адамдарды дайындап қойған. Әкім солармен сөйлесті де кетті, басқа еш өзгеріс жоқ . Жалпы Қарағанды облысы шенеуніктердің қызмет бабында өсіп кетуіне ғана қолайлы аумақ. Мұнда әкімдер уақытша келеді де өсіп кете береді. Ал халық өз проблемалары мен жеке қалады.  Тассуат ауылының көпірі соған дәлел", – де       йді Ботагөз Омарова.

Төтенше жағдайлар  департаменті жоғалған кәсіпкерді тікұшақ көмегімен де іздеп көргендерін  мәлімдеді.

"Судың астынан көлік табылып, ол сыртқа шығарылды. Көліктің ішінде адам болған жоқ. Сол жақтағы алдыңғы терезе және артқы терезе ашық болды. Көлік батқан жерде біздің 8 құтқарушы, үш қайық, екі техника іздестіру жұмыстарын жасап жатыр", – деп мәлімдеді  Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.

Бүгінде Қарағанды облысында су тасқынына  қатысты жағдай тұрақты. Дегенмен Осакаров және Нұра аудандары бақылауда тұр.  Бүгінде Нұра өзені маңындағы су шайып кеткен жолдардағы су деңгейі  төмендеген.

Арайлым Еркебаева
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу