Суға субсидия беру мөлшері 85 пайызға дейін көтеріледі

1612

Суға субсидия беру мөлшері 85 пайызға дейін көтеріледі

Атырау облысының фермерлері суармалы суды субсидиялау мөлшері көбейген жағдайда көкөністер бағасының төмендейтінін болжап отыр, деп хабарлайды abctv.kz.

2017 жылы Атырау облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы министрлігімен суармалы суды субсидиялау мөлшерінің текше метрін 50 пайыздан 85 пайызға дейін көтеру жөнінде келісімге қол жеткізді. Бұл аймақтағы ауыл шаруашылығында жеке шаруа қожалығын басқарушылардың жігерлі түрде жұмыс істеуіне серпін берді, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникация қызметі.

Атыраудағы суармалы су текше метрінің бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда өзіндік құнынан жоғары. Өзге өңірлердегідей суармалы судың 50 пайызын ғана мемлекеттің төлейтіні ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қолайсыздық туғызып келген еді.

Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісімге келгеннен кейін 2018 жылдан бастап Атырау облысы үшін суармалы суды субсидиялау мөлшері 85 пайызға дейін көтерілетін болды.

"Бұл жақсы жаңалық, өйткені аймақтың қатаң климатты жағдайында суармалы судың 50 пайызын төлеу шығынды жаппайтын еді, тіпті бізде басқа өңірлермен салыстырғанда қымбатқа шығады, - дейді "Агро Феликс" шаруа қожалығының басшысы Енисей Юн. – Елбасы экономиканы әртараптандыру қажеттілігін баса айтты, біз бұл салада нақты шаралардың қабылданып жатқанына қуаныштымыз. Келесі жылдан бастап егістік жер көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, 85 пайыз субсидия деген біздің дамуымызға үлкен демеу. Әріптестерім көкөніс пен бақша дақылдарының бағасы арзандайтынын да айтып жүр. Су бағасының арзан әрі қолжетімді болуынан тұтынушы да, өндіруші де ұтады."

2017 жылы Атырау облысында 8404 гектар алқапқа егін себілді. 2016 жылы бұл мақсатқа 7604 гектар жер пайдаланылған еді. Оның 2538 гектары көкөніс, 1035 гектары бақша дақылы, 2023 гектары картоп, 2808 гектары жемшөп дақылы. Егін шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 4 бағдарлама бойынша 208,2 млн теңге бөлінді. Бұл салада облыс бойынша 408 шаруашылық, 3998 адам жұмыс істейді.

Айта кетейік, 16 мамырда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев "Атамекен" ҰКП төрағасы Тимур Құлыбаевтың облысқа сапарында жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы министрлігі арасында суармалы суды субсидиялау мөлшерін көбейту жөнінде уағдаластық бар екенін айтқан болатын. Н.Ноғаев сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және ауыл шаруашылығын дамыту туралы тапсырмасын басшылыққа алғанын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу