Суға жүзушілер Әділбек Мусин мен София Абубакирова V Ислам ынтымақтастығы ойындарында ел қоржынына 2 алтын медаль сыйлады, деп жазады inbusiness.kz Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Әділбек қашықтықты 53.20 секундта жүзіп өтіп, жарыстың чемпионы атанды. Екінші орынды түрік спортшысы Умит Жан Гюрес алса, үздік үштікке өзбекстандық спортшы Эльдорбек Усмонов кірді.
"Софияға келетін болсақ, ол 27.17 секунд нәтижесімен басты медаль жеңіп алды. Әзірбайжаннан келген Мариям Шейхализадешагшах (27.25) және Түркиядан Алина Өзкан (27.42) күміс және қола медальдарға ие болды. Айта кетейік, финалға тағы бір қазақстандық Данелия Дю шықты. Ол 28.34 секунд уақытта жүзіп өтіп, 5-ші орынға тұрақтады", – деп жазылған хабарламада.
14 тамызда ауыр атлеттер ел қоржынына 3 медаль әкелді. Оның ішінде Айша Омарова мен Арай Нұрлыбекова күміс жүлде иеленсе, Бектай Асылжан қоланы місе тұтты. Бұдан бөлек суға жүзуші Ксения Игнатова қола жүлдемен марапатталды.
Ал көркем гимнастикадан топтық жаттығудан ел құрамасы үшінші орынды иеленді. Команда сапында Сағина Мұратқызы, Айсұлу Мырзағалиева, Рената Жолдинова, Аружан Қасенова, Айдана Шаяхметова және Әсел Шүкірбай өнер көрсетті.