Суицидтен құтқарған полиция қызметкерлері 500 мың теңге сыйақы алды

1775

Екі полиция қызметкері 9 қабаттан секірмек болған тұрғынды аман алып қалған.  

Суицидтен құтқарған полиция қызметкерлері 500 мың теңге сыйақы алды

Қарағандылықтар үшін бүгінгі күннің батырына айналған полиция қызметкерлері Бекзат Омашев пен Ерасыл Мұратқа Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин 500 мың теңгеден сыйақы табыс етті.

Еске сала кетсек, тоғызыншы қабаттағы балконның үстіне шығып отырған бойжеткенді көрген, қала тұрғыны 102  қызметіне  қоңырау шалып, тәртіп сақшыларын  көмекке шақырған.  Ол бұл оқиғаны басынан аяғына дейін ұялы телефонына түсіріп тұрған. Шақыртумен келген екі полиция қызметкері бірден тоғызыншы қабатқа үйдің шатыры арқылы көтеріледі. Полиция қызметкерінің бірі Ерасыл Мұрат тоғызыншы қабаттағы балконнан аяғын салбыратып, құлауға дайын тұрған Зарина есімді тұрғынды сабырға шақырып, сөйлесіп тұрады.  Осы кезде екінші полиция қызметкері Бекзат Омашев балконның үстіне секіріп түсіп, Заринаны ұстап қалады. Бойжеткенді құшақтай құлаған полиция қызметкері оны сабырға шақырып, аман-есен қауіпті жерден алып шығады.  Қарсы беттегі үйде тұрып оқиғаны түсіріп тұрған тұрғынның бейне жазбасы әлеуметтік желіге тарап, екі полиция әп-сәтте батырға айналып шыға келген еді.  Өз басын бәйгеге тігіп, өзгенің өмірін құтқарған полицияның әрекетін көпшілік ерлікке балады.  Ал 24 жастағы Зарина отбасылық ұрыс керістің салдарынан өз өзіне қол жұмсамақ болған екен.  Бүгінде Заринамен психологтар жұмыс жасауда.

"Қорқынышты ойлауға уақыт болған жоқ. Ерасыл "жерге қарама маған қара, сабыр ет" деп әңгімегеге тартып жатқанда, көрінбей баруға тырыстым, алайда ол қатты сықырды естіп жалт қарады. Мен  "қолыңды бер" деп едім ол қолын бермеді, сосын секіріп түстім. Балконның үсті қатты тайғақ болды, әйтеуір бәрі жақсы аяқталды", – деп мәлімдеді полиция сержанты Бекзат Омашев.

Полиция департаментінің бастығы өз өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды көріп қалып, бірден полицияны көмекке шақырған Наталья Айнабековаға сағат пен смартфонды сыйға тарту етті.  Айта кету керек, оқиға болған күннің ертеңінде қарағандылық тәртіп сақшыларын  ҚР Ішкі Істер министрі Ерлан Тұрғымбаев "Ішкі істер министрлігінде қоғамдық тәртіпті қадағалауға ат салысқаны үшін" медалімен марапаттаған.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу