Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы мақұлданды.
"Заңда Энергетика министрлігі тауар биржаларынан тыс жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілейді деп көзделеді. Сондай-ақ құжатпен Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өз интернет-ресурсында газ толтыру станциялары, газ толтыру пункттері, автогаз құю станциялары мен өнеркәсіптік тұтынушылар иелерінің тізілімін жүргізу және жариялау бөлігінде, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын келісу бөлігінде, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Энергетика министрлігіне сұйытылған мұнай газының айналымы туралы ақпарат беруі бөлігінде құзыреттері кеңейтіледі", - деді сенатор Сүйіндік Алдашев.
Оның айтуынша, құжат газ тапшылығына байланысты негізгі мәселені шешпейді.
"Тағы бір мәселе жергілікті атқарушы органдарға сұйытылған газ көлемін бөлу жөніндегі функцияларды беруіне байланысты. Бұл шешім тиімді практикалық іске асыруды ғана емес, ең бастысы өңірлерге сұйытылған газ жеткізілімдерінің бұзылуына жол бермеуді талап етеді", - деп атап өтті ол.