Сұйытылған газ өндірісінің көлемі 3,5 млн тоннаны құрайды

894

Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ел аумағында сұйытылған газ өндіретін 3 зауыт салынатынын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сұйытылған газ өндірісінің көлемі 3,5 млн тоннаны құрайды

"Сұйытылған газ өндіруді арттыру мақсатында 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бірінші жоба – Ақтау қаласында төмен қуатты газ өңдеу зауыты. Оның қуаты жылына 60 мың тоннаны, ал инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды. Жобаның аяқталуы осы жылдың соңына жоспарланған. Екінші жоба – Жаңаөзен қаласында жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының орнына жаңа газ өңдеу зауытын салу. Оның қуаты 900 млн текше метрді құрайды деп жоспарланып отыр. Жобаның құны – 147 млрд теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл", – деді министр. 

Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, зауыт шамамен 760 млн текше метр тауарлық газ, 232 мың тонна сұйытылған мұнай газын және 82 мың тонна көлемінде пентан-гексан фракциясын өндіреді. 

"Үшінші жобаға келетін болсақ, биыл Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жобаның құны 380,8 млрд теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл", – деді министр.

Оның айтуынша, зауыт 800 млн текше метр тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ, 35 мың тонна конденсат және 212 мың тонна күкірт өндіреді. 

"Жобаларды іске асырудың нәтижесінде 2025 жылға қарай сұйытылған газ өндірісінің көлемі 300 мың тоннаға артып, 3,5 млн тоннаны құрайды. Ал тартылатын инвестиция көлемі 530 млрд теңге болады", – деді министр.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу