Ақтөбеде сұйытылған газды өндіретін екі зауыт алма-кезек жөндеуден өтті. Қалада газ тапшылығы дәл сол кезде байқалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Энергетика министрлігі тамыз айында Ақтөбе облысының ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін 9 900 тонна сұйытылған газ бөлді. Облысқа тәулігіне 340 тоннаға жуық сұйытылған газ қажет. Дәл осы тамыз айында екі өндіруші зауытта шағын жөндеу жұмыстары болған.
"Тамыз айында екі өндіруші зауыт жоспарлы жөндеуден өтті. "Қазақ Ойл Ақтөбе" ЖШС 10 күнге (10-20 тамыз аралығында) және "СНПС– Ақтөбемұнайгаз" АҚ 4 күнге (19-23 тамыз аралығында) тоқтады. Қазіргі уақытта облыста 7 газ желісі жұмыс істейді. Оның ішінде 5 газ желісінің толық инфрақұрылымы бар. Ақтөбе қаласында орналасқан "АЗС Лидер" ЖШС (сақтау паркі 700 тонна), "Еламан" ЖШС (300 тонна), "АС Газ Логистик" ЖШС (сақтау паркі 320 тонна) және Мұғалжар ауданы Ембі қаласы "Алға Бизнес Групп" ЖШС (сақтау паркі 320 тонна), "Private Ргоир" ЖШС (сақтау паркі 330 тонна). Ал "КС-А" ЖШС (Қостанай облысы) және "Алпамыс Атырау" ЖШС (Атырау облысы) Ақтөбе облысында сақтау паркі жоқ. Мүмкіндігіне қарай босалқы қорлар өндірілді, келісімшарт міндеттемелері болуына байланысты газ құю бекеттерінің 30% талонмен қызмет көрсетті. Бүгінгі күні 12 вагон сұйытылған газ (420 тонна) күн сайын жеткізіліп жатыр. Жақын арада жағдай тұрақталады", – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қазір облыста 47 мыңға жуық көлік сұйытылған газбен жүреді. Өткен жылға қарағанда газбен жүретін көлік саны 19 пайызға өскен.