Сұйытылған мұнай газы экспортына тыйым салу жоспарлануда

415

Қазіргі уақытта бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында талқылау үшін жарияланды. 

Сұйытылған мұнай газы экспортына тыйым салу жоспарлануда Фото: inbusiness.kz

ҚР Энергетика министрлігі сұйытылған газды бұйрық күшіне енген күннен бастап алты ай мерзімге автомобильмен және темір жол көлігімен әкетуге тыйым салу туралы бұйрықтың жобасын әзірледі.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеу енгізілген, соның нәтижесінде халық және көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындары осы отын түріне тез ауысып жатқанын байқауға болады.

Мәселен, 2022 жылы ішкі нарықта тұтыну 2021 жылмен салыстырғанда 28%-ға өсті. Сонымен қатар 2023 жылдың 6 айында тұтыну өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 100 000 тоннаны құрады.

Ішкі нарықтың қажеттілігі 130-140 мың тонна (әкімдіктердің өтініштеріне сәйкес) болған кезде ҚР Энергетика министрлігі маусымға байланысты айына жеткізу жоспары шеңберінде 120-130 000 тонна немесе сұраныстың 90% үлестіреді. Өндіруші зауыттардың жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары кезеңінде ішкі нарықтың сұйытылған мұнай газына деген қажеттілігінің өтелмеуі 15-25%-ды құрады.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасының ішкі нарығында сұйытылған газдың әлеуметтік маңыздылығын назарға ала отырып, оның экспортына тыйым салуды енгізу жоспарланып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Энергетика министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы №347 бұйрығымен сұйытылған газды автомобиль көлігімен үш жыл мерзімге экспортқа шығаруға тыйым салынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу