Атырауда қайын жұртын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот процесі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" газетіне сілтеме жасап.
Сот отырысында марқұмдар жерленген орынға жүргізілген қазба жұмыстарының видеосы, айыпталушының алтын әшекейлерді ломбардқа өткізген сәті түсірілген кадрлар, сондай-ақ қылмыстан кейінгі бейнематериалдар көрсетілді. Сот Жангелдин ауылында төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша бейнеайғақтарды зерттеуді жалғастырды.
Видеолардың бірінде сарайдың едені ашылғаннан кейін жер астынан 66 жастағы Мақсот Қарабалиннің қолы көрініп, кейін оның мәйіті шығарылғаны таспаланған. Одан кейін қазба жұмыстары жалғасып, сол шұңқырдан оның жұбайы 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі табылған.
Кейін Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы қазақ-өзбек шекарасында орналасқан "Қапланбек" өткізу бекетіндегі бейнебақылау камерасының жазбасы зерттелді. Бірақ та, бұл жазбаны қарағаннан күтілген нәтиже болмағандықтан, сот басқа бейнематериалдарды қарауға көшті.
Сондай-ақ, сот процесіне қатысушылар ломбардтағы бейнебақылау камерасының жазбасын да көрді. Тергеу нұсқасына сәйкес, сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев мұнда екі алтын сақинаны өткізіп, ақша алған. Бейнежазбада бұйымдардың құны туралы да сөз болады, мәселен, бір сақина шамамен 46 мың теңгеге, ал екіншісі 47 мың теңгеге бағаланған. Жалпы сома 100 мың теңгеге жуықтаған.