Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты: Мәйіт табылған үйдің иесі куәлік етті

Бүгінгі сот отырысында күдіктіге Мұнайшы ықшамауданындағы үйін жалға берген азамат куә ретінде жауап берген.   

Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты: Мәйіт табылған үйдің иесі куәлік етті Фото: Kursiv Media

Оның сөзінше, отбасы бұл баспанада 2023 жылдан бері тұрған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Әрі куәгер ай сайынғы 50 мың теңге көлеміндегі жалдау ақысы белгісіз азаматтан Kaspi Gold арқылы түсіп отырғанын жеткізді. Десе де, отбасының үйді жалдамай қойған кездері де болған. 

2025 жылдың 7 желтоқсанында үй иесі Сұлтан Сәрсемәлиевке хабарласқан. Күдікті келіншегін емдетіп жүргенін ескертіп, енді үйді жалдамайтынын ашық айтыпты.

Судья Зарема Хамидуллина куәгердің тергеу барысында берген түсініктемесін де оқып берді.

– Мен үйге қажет болған кезде ғана барып жүрдім. Әйелін бір-ақ рет көрдім, оның өзінде сыртынан ғана байқадым. Балаларын мүлде көрген емеспін. Әйелі орамалда еді. Шамамен 27 желтоқсанда үйге барып, есік алдындағы тастың астында тұрған кілттерді алдым. Үйдің ішін қарағанда ешқандай шашылған заттар немесе дақтар байқалмады. Үйді тазалап кеткенін көрдім, – делінген куәгердің жауабында.

Үй иесі сотта мәйітті орауға пайдаланылған кілемнің өзіне тиесілі емес екенін, ауладағы душтың ішінде екі күрек пен бір айырдың тұрғанын айтқан. 

Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болды. Қазір Сұлтан Сәрсемәлиевті біреуі ғана қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте екенін нақтылап өтті. 

– Адвокат әлеуметтік көмек ретінде, қоғамдық , қайырымдылық негізде тегін көмек көрсете алады. Мен қазір ақысыз қызмет көрсетіп отырмын. Бұл бойынша туысқандарымен жасалған келісімшарт бар, – деді күдіктінің қорғаушысы.

Жаза кеткен жөн, келесі сот отырысы 4 маусымда жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу