Алдағы 5 жылдықта білім гранттары кемі 75 мыңға көбеюі мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі "білім гранттарының санын ұлғайту – үздіксіз жүретін процесс" деп отыр. Әрі ол сұранысқа сай өседі.
– Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, сұранысы бар даярлау бағыттары, оның ішінде техникалық бағыттар бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттары санын ұлғайту (2029 жылға қарай кемінде 75 мың) ескерілген, – делінген ведомство ақпаратында.
Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылында білім беру гранттарының саны өткен жылмен салыстырғанда 5000-ға артып отыр.
Биыл грант тағайындау конкурсына 104 мыңнан аса талапкер құжат тапсырса, бұл өткен жылға қарағанда 10 мыңға артық екенін көрсеткен. Конкурс нәтижесінде 79 мыңға жуық білім гранты үлестірілген. Мемлекеттік гранттардың республикалық комиссия отырысының қорытындысы негізінде тағайындалатыны белгілі. Осы жылғы ең көп конкурс "Стоматология" мамандығында болған.