Семейдегі жылу-электр орталығы қыркүйектен бері қызметкерлеріне жалақы бере алмай отыр. Мұнда 1 800-дей адам қызмет істейді. Мәселе бар екенін орталық директоры Азат Сарпеков растады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде осы мекеменің жұмысшылары жалақы ала алмай, тек сүт қана алып отырғаны туралы хабар тарады.
"Негізінен айлық мәселесі бізде жыл сайын туындайды. Себебі жаздың күні жылу болмағандықтан орталыққа ақша түспейді. Біз мемлекеттен ақша алмаймыз. Қала тұрғындары мен бизнес нысандарды жиыны 280 млн теңге қарыз. Оларды сотқа беріп жатырмыз. Бірақ бәрібір қайтара алмай отырмыз. Бизнес нысандары дегенім – мейрамханалар. Олар пандемияда шығынға батқанын айтады. Бұған жұмысшылар үйренген. Міне, қазан айының 1-інен бастап жылу беріле бастаған соң, ақша түсе бастады. Осы 10 күн ішінде қыркүйектен қалған берешекті қазанның еңбекақысымен қосып жабамыз. Яғни жалақы бойынша қарыз толықтай өтеледі. Бұл ақпаратты интрига үшін біреулер таратып отырған сияқты. Мынаны қоса кеткім келеді, сәуірде қарапайым жұмысшының айлығы 100 мың болса, қазір 135 мыңға дейін, яғни 40 пайыздай қсті", – деді Сарпеков.
Оның айтуынша, сүтке талон беру таңсық емес, денсаулыққа зияны бар кәсіпорын болған соң, оның беріліп тұруы заңды.
ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына қызметкерлер шағым түсірмеген.
"Біз бұл мәселеден хабардармыз. Инспекция мамандары аталған мекеме басшылығына хабарласқан. Олар жалақы мәселесінің жуық арада шешілетіндігін түсіндірді. Егер айлық төленбесе еңбек ұжымы арыздануға хақылы. Сондай жағдайда жылу-электр орталығына ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабына сәйкес айыппұл салынады", – деді инспекция басшысы Бақытбек Қизатов.
Тасқын Болатұлы