Сүт фермасын салуға берілген жердің заңдылығы анықталып жатыр

630

Қазір екі бірдей мемлекеттік орган бір бірімен соттасып жатыр.  

Сүт фермасын салуға берілген жердің заңдылығы анықталып жатыр Фото: pxhere.com

Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты бірнеше елді мекеннің тұрғындары жайылымға зар болып қалды. Бұған дейін малды өргізіп келген жерді билік инвесторға беріп қойған. 2 мың 400-ден аса гектар аумаққа иелік еткен кәсіпкер, онда сүт фермасын салып жатыр. Сондай-ақ, "мал азығын егеміз", деген желеумен төңіректі түгелдей жыртып, жайлауға баратын жолды да жауып тастаған. Ал, жер ресурстарын басқару департаменті, жер телімін беру кезінде заңның кейбір баптары бұзылған, деп ұйғарым шығарған. 

Ақсу қаласына қарасты Ребровка, Қаракөл елді мекендерінің халқы мен фермерлері ауыл іргесінен салынып жатқан сүт фермасына наразы. Өйткені, ірі шаруашылық халықтың мал бағатын жайылымдық жерін алып қойған. Ал, биліктегілер жер телімін инвесторға берген кезде жұрт пікірімен санаспапты. 

"Жолдың ар жағына біз мал бағатынбыз, мен емес бүкіл ауыл. Енді мына Рубиком келіп былтыр бастады стройкасын жайлауды алып қойды. Қазір бізде мал жаятын жер жоқ. Ешкім келіп ештеңе айтқан жоқ. Не Рубиком кірген жоқ ауылға келіп не акимат ештеңе", -дейді Ребровка ауылының тұрғыны Сағындық Жетпісов.

Көрші ауылда жүз бастан асыра ірі қара ұстайтын шағын шаруашылықтар бар. Олар жазда малдарын қозы көш жердегі жайлауға әкетеді. Енді, оған да жете алмай отыр. Себебі, сүт фермасын салушы инвестор жолды да жауып тастаған.  

"Біздің жайлауымыз бар 10 шақырым жерде. Енді ол жайлауға өту үшін мұнда бізде перегон деген белгі тұр, осы жерден жылда біз өтіп жүретін едік. Қазір енді біз өз жайлауымызға да өте алмайтын болдық. Міне көрдіңіз бе, мына жердің бәрін қазып ой қылдырып жіберді", - деді Қаракөл ауылының тұрғыны Ермек Жәкетаев.

Тауарлы сүт фермасына 2018 жылы жалпы аумағы 2421,3 гектарды құрайтын жер телімі конкурс арқылы беріліпті. Олар былтыр күзден бастап қана қада қағып, қимылдай бастаған. Яғни, төрт жылдай игерілмей бос жатты. Ал, жерді беру кезінде заңның кейбір баптары бұзылған. 

"Халықтың өтініші бойынша жер бақылау инспекциясы тексеріс жүргізді. Сол тексерістің қорытындысы бойынша бір участок осы "Кронос-Павлодарға" берілген участок заңсыз берілген деп танылды", - деді Алғабас ауылдық округінің әкімі Аманкелді Рүстемов Алғабас.

Қазір осы даулы жер бойынша сот процесі өтуде. Соған қарамастан ферманың құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. 

"Сот болып жатқанда жұмыстарды тоқтату жөнінде ешқандай жазбаша ескерту болған жоқ. Олар бізге заңнамаға сүйеніп ескертуі керек. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылыс жұмыстары сот процесіне кедергі келтірмейді", - дейді "Кронос-Павлодар" ЖШС заң бөлімінің басшысы Оксана Кондратьева. 

Бір қызығы, жер ресурстарын басқару департаментінің жер телімін беру кезінде заң баптары бұзылды, деген ұйғарымымен, Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі келіспей отыр. Қазір екі бірдей мемлекеттік орган бір бірімен соттасып жатыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу