Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ернар Мақажанов осылай деп есептейді.
"Жемқорлықты алдын алудың жолы – пара беру тәуекелдерін зерттеу. Бұл мақсатта біздің департамент биыл квазимемлекеттік мекемелерге 11 сыртқы талдау, 16 жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Осы сараптамалардың нәтижесінде жемқорлық ең жиі орын алатын салалар анықталды. Атап айтсақ, олардың қатарында жер қатынасы, салттық қызмет көрсететін сала, ауыл шаруашылығына субсидия беру саласы бар", – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар ол Алматы облысында жемқорлықтың алдын алу бойынша құрылған ақпараттық-ағартушылық штаб жұмысын баяндады.
"Аталған штабқа 194 адам мүше. Оның ішінде БАҚ өңілдері мен облыстың құрметті азаматтары бар. Олар жыл басынан бері 100-ден аса ақпараттық шаралар ұйымдастырып, баспасөз беттеріне 40-тан аса мақала жариялады. Сонымен қатар құқықтық көмек көрсетуге бағытталған "Адал көмек" жобасы аясында 300-ден аса адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 2133 өзекті сұраққа жауап берілді", – деді Ернар Мақажанов.
Құралай Құдайберген