2020 жылдың 27 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кәсіпкерлердің IV республикалық форумы өтеді, деп хабарлайды "Атамекен" ҰКП-ның қоғаммен байланыс департаменті.
Форум барысында Сыбайлас жомқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру бойынша 2019 жылға Жол картасының негізгі қорытындысы айтылады. Бұдан бөлек, "Сатып алулардың бірыңғай терезесі" (eoz.kz) порталының жұмыс істеу нәтижесі және мемлекеттік органдардың барлық деректер базасымен біріктірілген кәсіпкерлік субъектілерінің бизнес-тізілімін құру бойынша жұмыс барысы жайында есеп беріледі.
"Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы" қоғамық қорының өкілдері бизнес-қоғамдастық қызметіне әсер ететін мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік өлшемі жайында ақпарат береді.
Форумға "Атамекен" ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, сонымен қатар бизнес және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.