Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қатаңдатылады

1101

Қазірдің өзінде қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық әрекеттері үшін 6 саяси қызметкер отставкаға жіберілді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қатаңдатылады

Елімізде жемқорлыққа қарсы оңтайлы құралдарды талқылауға және іздеуге бағытталған "Парасаттылыққа апаратын сара жол: айқындылықты, есептілікті және қоғамдық қатысуды арттыру" атты VI жыл сайынғы халықаралық конференциясы өтуде. 

Жиында бірінші болып сөз сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев елдегі парақорлықтың алдын алу шараларын баяндады. Оның сөзінше жыл соңына дейін жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаңдату бойынша жұмыстар жүргізілмек. 

"Бұл бағытта бірқатар маңызды шара қабылданды. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасыларына шетелдік банктерден шот ашу тыйым салынды. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі  тоқтатылды. Үшіншіден, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен соттардың пара беру кезінде делдалдық жасағандарға санкциялары күшейтілді. Бұл бастамалардың барлығын мәжіліс мақұлдап, қазіргі уақытта сенат қарауына жіберілді. Мұның барлығы жемқорлықты түбегейлі жою мақсатында қабылданып жатқан шаралар", - деді  Алик Шпекбаев. 

Сонымен қатар агенттік төрағасы бір жыл бойы жемқорлықты алдын алу шаралары жеткілікті деңгейде жүргізілмесе ұжым басшысы отставкаға жіберілетінін айтады. Қазірдің өзінде қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық әрекеттері үшін 6 саяси қызметкер отставкаға жіберіліп, 34 әкімшілік басшысы жауапкершілікке тартылды. 

"Бүгінде бұл жаңашылдықтар  кадрларды іріктеу кезінде басшылыққа алына бастады", - деді ол. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу