Сыр елінде 800 жылдық еңбек өтілі бар теміржолшылар әулеті тұрады

Бүгінде әулеттің 30-дан астам адамы теміржол саласында тер төгуде.  

Сыр елінде 800 жылдық еңбек өтілі бар теміржолшылар әулеті тұрады Фото: Қалмағамбетовтер отбасының жеке мұрағатынан

Бір қызығы, оның 22-сі еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылордалық Қалмағамбетовтердің теміржолдағы жалпы жұмыс өтілі – 800 жыл.

Әулет үлкені Орынбасар Қалмағамбетов – 700-ге жуық жолаушының жанын аман алып қалған сала ардагері. 50 жылға жуық теміржолдың қызығы мен шыжығына әбден қаныққан ол бір оқиғаны ешқашан ұмытпайтынын айтады.

- 1982 жылы ақпан айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Тартоғай мен Майлытоғай ауылдарының арасындағы 1 блок жанып қалды. 1 жарым метрді құрайтын рельс 7 жерден сынып кеткен екен. Содан 17 пойыз өтеді. Сол кезде машинистке дер кезінде белгі беріп, 700 жолаушының өмірін қауіптен аман сақтадым, - дейді Құрметті теміржолшы.

Кейіпкеріміздің алғашқы қызметі белгі байланыс дистанциясы болған. Одан соң түрлі-түрлі жауапты қызметтер атқарып, бейнетінің зейнетін көруге шыққан. Бір қызығы, қос інісі мен қарындастары да теміржол саласына келген.

- 1984 жылдары Қызылорда белгі беру байланыс дистанциясына монтер ретінде қызметке орналастым. Электромеханик боп радиоцехында қырық жыл қызмет атқардым. Теміржол қашан да қауіпті жер саналады. Қақаған қыс айларында да, аптап ыстық жаз айларында да жұмысы тоқтамайды. Бүгінде келіншегім де, қос ұлым да - теміржол саласында. Немерелерім де осы салаға машықтанды, - дейді Жалғас Қалмағамбетов. 

Әулеттің төртінші буыны саналатын Бақытжан Сүгірбаев 20 жылдан аса оыс салада жүр. 

- 2002 жылы теміржол саласына келдім. Бүгінде Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының аға электромеханигімін. Локомотив тепловоздардың радиобайланысын, т.б. тексеріп, магистральға шығуына жол ашамыз, - дейді үлкендер жолын жалғастырушы.

Қазіргі күні Қалмағамбетовтердің кезекті буыны аталған салаған қадам басып отыр. 100 жыл бұрын Әлайдар Қалмағамбетов бастап берген сара жолды ұрпақтары лайықты жалғастыруда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу